Атырау облысының прокуратурасында Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді

24 September 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Атырау облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында 2018 жылы және 2019 жылдың өткен мерзімінде құқық бұзушылық профилактикасын жүзеге асыру барысында облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығының және «Қазақтелеком» АҚ-ның бейнебақылау жүйелерінің тиімділігі мәселесі қаралды.

Жедел-басқару орталығын жаңартуға 1,8 млрд теңге бөлініп, камералардың саны екі есеге дейін көбейгеніне қарамастан, құқық бұзушылықты анықтау үлесі төмен деңгейде екені белгілі болды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында құқық бұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған Кешенді жоспарының бірқатар іс-шаралары формальды түрде орындалып, мақсатты индикаторларға қол жеткізілмеген.

Мысалы, 2018 жылы борттық компьютерлермен және GPS жүйелерімен қамтылған полицияның қызметтік автокөліктері санының қажетті нормаларын 90% дейін жеткізу көзделгенімен, бұл көрсеткіш тек 51,2% құрады.

Атырау қаласы аумағындағы кейбір сауда орталықтар және базарлардың  бейнекамералары Жедел басқару орталығына қосылмаған.

Осы тектес, құқық бұзушылықтар жасаудың негізгі ошағы, соның ішінде жер үйлер орналасқан кейбір шағын аудандарында бейнебақылау камералары орнатылмаған.

Отырыста осы секілді облыстық прокуратурамен анықталған бірқатар жүйелі мәселелер тыңдалды.

Отырыс қорытындысымен тиісті міндеттер қойылды және Үйлестіру кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, құқық бұзушылық профилактикасын тиімділігін көтеру бағытында нақты шаралар әзірленді.

 

Атырау облысының прокуратурасы

Comments

Add new comment