Атырау облысының прокуратурасында 2019 жылдың 1-ші жартыжылдығындағы жұмысты қорытындылады

23 шілде 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Атырау облысы прокуратурасында 2019 жылдың 1-ші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Облыстағы криминогендік ахуал қылмыстылықтың 6,2% (3668-ден 3440-қа) төмендеуімен сипатталатыны атап өтілді.

Қылмыстың алдын алу мен болдырмау бойынша қабылданған шаралар тонау санын 4,4%,  қорқытып алушылық 85,7%, ұрлық 18,1%,  бұзақылық 17,2%, экономикалық қылмыстар 60,5% төмендеуіне мүмкіндік берді.

Қылмыстық іс жүргізуді цифрландыру жұмысы жандандырылып, процеске қатысушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік берді, 3 440 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша 1 117 іс электрондық нұсқада тергеп-тексерілді.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтың біріңғай тізілімі» (ЕРАП) цифрлы жүйесі негізінде 51 мыңнан астам электронды хаттама толтырылып, салынған 342 млн. теңге айыппұлдың 236 млн. теңгесі өндірілді (69,2%).

Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 622 млн. теңге материалдық залал, оның ішінде 534 млн. теңге мемлекет пайдасына өндірілді.

Жаза өтеу орындарында бірлесіп жүргізілген шаралар арқылы қадағалауды күшейту нәтижесімен 80-нен астам ұялы телефон және есірткі заттарын кіргізуге ұмтылу 2 фактісі анықталды.

Облыс прокуратурасының бастамасымен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде а.ж. мамыр айында Атырау облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде жасақ бастығы ұсталып, оның күртесінің қалтасынан 2 дана маркердің ішінен «марихуана» есірткі заты анықталды.

Атырау қалалық №2 сотының үкімімен аталған қызметкер кінәлі деп танылып, оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Экономикалық мүдделерді қорғау шеңберінде мемлекет пайдасына 2,1 млрд. теңге өндірілді, мемлекетке 283,4 млн. теңгені құрайтын мүлік қайтарылды. 240 мыңнан астам тұлғаның (о.і. 16,3 мыңның конституциялық) құқықтары қорғалды.

Облыстық психикалық денсаулық орталығы 3 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған 90 тұлғаның емі үшін заңсыз алған 5,8 млн. теңге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қайтарылды.

Облыс прокуратурасының бастамасымен «Bilim Foundation» қоғамдық қорының оқушылар арасынан суицидке бейімділерді анықтауға бағытталған сауалнама (тиісті сараптамаларсыз) жүргізуі барлық республика бойынша тоқтатылды.

«Атырау су арнасы» КМК-нің түбіртектерінен тұтынушылардың дербес деректерін (АЖӘ, үйде неше адам тұратын ақпарат) алып тастау арқылы шектелмеген тұлғалардың құқықтары қорғалды.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның артық жұмсалған тауарлық газға кәсіпкерлерге заңсыз 45 млн. теңге төлем белгілеу туралы құжаттарының күші жойылды. 800 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге және көмуге арналған тарифтың түсірілуімен (120-дан 117-ге теңгеге) 220 мың шамасында азаматтың құқықтары қорғалды.

Дарынды балалар үшін облыстық ұлттық гимназия мекемесінің 322 оқушысы (о.і. жетім балалар және мүгедек балалар) каникул кезеңіндегі тиісті демалыспен (жылына 4 демалыстың орнына 2 рет берілген) қамтылды.

№3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (98 мүгедек бала тұрады) ата-ана қамқорлығынсыз қалған мүгедек балаларға дөрекі қарау, ұрып соғу, мәжбүрлі түрде жұмыс жасату фактілері анықталды.

Материалдар облыс прокуратурасының АЕК-на тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Мемлекеттің материалдық мүддесін қорғау аясында прокурордың өтінішхаттары негізінде бюджет 5,5 млрд. теңгеге толықты.

Мысалға, Бас мемлекеттік экология инспекторының «Эмбамұнайгаз» АҚ-на 6,9 млрд. теңге әкімшілік айыппұл тағайындау туралы қаулысына (ӘҚБтК-нің 328-бабы) құқық бұзушымен сотқа шағым келтіріліп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотымен айыппұл сомасы 1,5 млрд. теңгеге дейін төмендетілген.

Облыс прокуратурасының өтінішхаты негізінде облыстық соттың апелляциялық сатысы сот актісін өзгертіп, 6,9 млрд. теңге айыппұл өндіру туралы қаулы күшінде қалды, прокуратураның уақтылы араласуымен бюджет 5,4 млрд. теңгеге толықты.

Алқа отырысының қорытындысымен облыс прокурорымен қала, аудан прокурорлары алдында келесі міндеттер айқындалды:

- жеке қабылдау барысында азаматтарға заң нормаларын қарапайым тілмен түсіндіру;

- экология және облысымыздың діни жағдайы салаларында қадағалауды күшейту;

- еңбек заңнамасының сақталуына, соның ішінде жалақының уақытылы төленуіне тұрақты түрде қадағалауды жүзеге асыру;

- қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;

- ұрлық, алаяқтықпен күресуге, нашақорлық мәселесіне, бала және ана өліміне аса көңіл бөлу;

- үйлестіру шараларымен уәкілетті органдардың, соның ішінде учаскелік инспекторлардың профилактикалық жұмыстарын жандандыру.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 маусымында прокуратура аумағында азаматтарды қабылдау орталығы ашылып, тәулік бойы кезекші прокурор арызданушыларды қабылдайды. Демек, облысымыздың кез келген тұрғынына күндіз-түні білікті заң көмегін алуына мүмкіндік бар.

Бұл мәселелер үнемі облыс прокурорының бақылауында болады.

 

Атырау облысының прокуратурасы

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу