Қылмыстық процесті оңтайландыру және ізгілендіру

14 желтоқсан 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ұлт жоспары және Елбасы Жолдауындағы құқық қорғау органдарының алдына қойған тапсырмасы бойынша азаматтар мүддесіне қылмыстық процесін оңтайландыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Алға қойған мақсат – қылмыстық процесте халыққа жағдай жасап, уақытын үнемдеу, құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру.

Осы орайда, күрделі тергеуді қажет етпейтін істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері едәуір оңтайландырылды. Әрине, күрделі істерді қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндіктер шектелген.

Жаңғырту аясындағы ең басты жаңалық – Президенттің Жолдауы шеңберінде еліміздегі цифрлық технологияны дамыту бойынша «Е-қылмыстық істің» тәжірибеге енуі. Бұл дәлелдемелерді жинақтау, процестік құжаттарды жасақтау рәсімін жеңілдетуге, сондай-ақ, тергеу және сот органдарының материалдық шығындары мен жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұрмалауға шектеу қояды.

Аталған істерге қадағалау жүргізу онлайн-режимде жүзеге асады.

Ағымдағы жылдың өзінде Атырау облысында 667 іс электронды нұсқада тергеліп, оның 159 сотқа жолданса, 99 ақтамайтын негіздермен өндірістен тоқтатылған.

Тоқталып өтетін келесі бір мәселе бұл – қылмыстық заңнаманың ізгілендіруге бағыт алуы.

Қылмыстық кодекстің 255 бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 16 бабына және Қылмыстық-атқару кодекстің 6 бабына түзетулер енгізілді.

Кепілдің ең төменгі мөлшері үштен бірге азайтылып, онша ауыр емес, орташа ауыр әрекеттер бойынша оның жоғарғы шегі белгіленді.

Жазалау шарасының бірі ретінде айыппұл қарастырылған онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қоғамдық жұмыстар енгізілді. Бұл өзгеріс адам өліміне әкеліп соққан қылмыстық әрекеттерге қолданылмайды. Айыппұл мөлшері 2 есеге төмендетілді.

Экономикалық және меншікке қарсы қылмыстар бойынша қажетті қылмыстық жауапкершілік туындау үшін айтарлықтай, ірі және аса ірі залал көлемінің шегі 2 есеге көбейді.

36 қылмыс бойынша бас бостандығынан айырудың жоғарғы шегі азайтылды. Ауыр (15-тен 10 жылға дейін) және аса ауыр (20-дан 15 жылға дейін) қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімі 5 жылға азайтылды.

Жалпы алғанда қылмыстық процесті оңтайландыру және ізгілендіру заң үстемдігін орната отырып, азаматтардың жағдайын жақсартуға тиімді үлес қосатыны сөзсіз.

 

Атырау облысының прокуратурасы

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу