«Елдестірмек - елшіден»

23 қазан 2013 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Жақсының қасиеті – жарастыру, жаманның қасиеті - таластыру»  деген аталы сөздің тек жақсылыққа қарай  қадам басып келе жатқан  еліміздің  құқықтық саясатын одан әрі жетілдіру үшін маңызы зор.

Ата-бабаларымыздың осы сөзінің жаны бар екендігіне көз жеткізген Президентіміз 19 қараша 2009 жылы өткен судьялардың 5 съезінде «сот тәртібімен қаралуға жататын даулардың санын оларды шешудің балама тәсілдерін, соның ішінде татуластыру процедурасын және медиацияны енгізу арқылы қысқарту өте  маңызды. Бұл біздің әділсотқа қалпына келтірушілік сипат беретіні анық» деп атап көрсетіп, 28 қаңтар 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заңының алғы шартын жасаған еді .

Қалпына келтірушілік әділсоттың мәні - заңнамаларды және құқыққолдану тәжірибесін  кінәліні қылмыстық қудалаудан  жәбірленушіге материалдық және моральдық залалды өндіруге  қарай бұру, сөйтіп тараптар арасындағы  келіспеушіліктердің деңгейін төмендетуге  әкеп соқтыратындай етіп қалыптастыру.

 Қалпына келтірушілік әділсот – қазіргі қылмыстық әділсотты алмастыра алмайды, алайда  оның қылмысқа деген ықпалын  өзгертіп,  оны жұмсартуы мүмкін және қылмыскер мен жәбірленушімен жүргізілетін  қалыпқа келтіру жұмысының қосымша тәсілі ретінде жүзеге асырылады.  

28 қаңтар 2011 жылы «Медиация туралы» Заңының қабылдануы Қазақстанда  қалпына келтірушілік әділсотты дамыту бағытында жасалған қарымды  қадам болып табылады.

Медиация дегеніміз  тараптардың  ерікті келісімі бойынша олардың өзаратиімді шешімге қол жеткізуі мақсатында  медиатордың ат салысуымен тараптар арасында пайда болған  дауды реттеу процедурасы.

Қарапайым тілмен айтқанда, қылмыстық қудалау аясына түскен  ауырлығы кішігірім және орташа  санатқа жататын қылмыстар бойынша кінәлі мен жәбірленуші өзара бір-бірінің тілегін қанағаттандыратындай  шешім қабылдап, татуласуға келісімге келген  жағдайда медиатордың көмегіне жүгініп істі  татуласумен аяқтауына мүмкіндігі бар.

Әрине  кез келген заңның кемшін жері ол нақты іске асырылған уақыттан  бастап белгілі болады. Сол сықылды аталған заңның да кемістігі жоқ емес. Мысалыға, медиация ауыр және аса ауыр санатына жататын қылмыстар бойынша қолданылуға жатпайды, ал тәжірибеде  аталған санаттағы қылмыстардың жәбірленушілері кінәлімен татуласуға қарсы емес болған фактілер кездесіп тұрады. Сондай-ақ, медиацияға тек сотқа дейінгі және сот өндірісі сатысында ғана жол беріледі, дегенмен кінәліге жәбірленушімен арадағы келіспеушілікті  реттеудің қажеттілігі туралы түсінік одан кейін де, яғни жаза өтеп жүрген сәтінде  келуі мүмкін.

Осы сияқты және басқа да проблема туғызған мәселелер жаңа қылмыстық заң қабылданған кезде ескеріліп,  заңның кемшін тұстары толықтырылатын болады.

Еліміздегі  қылмыстық әділсот саясатының  басты мақсаты тек  жазалау ғана емес, сонымен қатар  ізгілендіру де екендігін ескерсек, бітімгершілік концепциясын дамытуда «Татуласуға мезгілінде жасалмаған қадам шақырымға айналар» деген  белгілі афоризмнің принципі өте орынды.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу