Қылмыстық заңнамадағы тәркілеумен байланысты өзгертулер

22 ақпан 2016 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бурабаева Турсынай Нурсултановна

Атырау облысы прокурорының көмекшісі

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 48 бабына (мүлікті тәркілеу) сәйкес мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.

Бұрын  сотталғанның жеке өзіне тиесілі қандай да болмасын мүлкі тәркіленуге жататын болса, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәркіленуге тек сотталған адамның меншігіндегі, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлік, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлік қана жатады.

Заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікке кінәлінің иелігінде қылмыстық құқық бұзушылықтың нәтижесінде пайда болған мүліктер табылады.

Барлық тәркілеу объектілері үшін ортақ белгі бұл олардың қылмыстық әрекетпен байланысты болуы.

Тәркілеуге   қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша  мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;  қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған; экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған; қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын  ақша   және сотталған адам басқа адамдардың меншігіне берген ақша және өзге де мүлiк жатады.

Осы орайда атап өтетін жайт - «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік, егер олар осы Заңда қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған жағдайда тәркіленуге жатпайды.

Бұл ретте осы бапқа ескертпенің ережелері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қолданылмайды, сондай-ақ жария етуге жатпаған жария етілген мүлік пен ақшаға қолданылмайды.

Ескі редакциядағы қылмыстық кодекстің 51 бабына қарағанда қолданыстағы қылмыстық кодекстің 48 бабының нормалары тәркіленуге жататын обьектілер шеңберін тарылтқан, демек бұл норма  қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын жақсартады, сондықтан ҚК 6 бабына сәйкес осы норманың кері күші болады.

Осыған байланысты ҚК 48 бабы 2016 жылдың 1 қаңтарына күшіне енбеген сот актілеріне, сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін сотқа негізінен қарау үшін жолданған және соттың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша қолданылады.

Алайда, ҚК 6 бабының ережелері орындалып кеткен сот актілеріне қолданылмайды.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу